Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.
Оның деректеріне қарағанда, өткен жылы жемқорлық әрекеттеріне жүйелі түрде жол бергені үшін қаржы полициясы 802 қылмыстық істі қозғады. Ал биылғы жылдың 2 айында жемқорлықпен жүйелі түрде айналысты деген айыппен 118 қылмыстық іс қозғалды.
«Жүйелі жемқорлық әрекеттеріні ең көп тараған түрі - пара алу. Бұл ретте жедел-тергеу тәжірибесінің нәтижелері параны қандай да бір мекемелер мен қызметтердің жетекшілері ғана емес, олардың қол астындағы азаматтар да алатындығын көрсетті»,-деді ресми өкіл.
Оның сөзіне қарағанда, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының тапсырмасымен қаржы полициясының негізгі күші қазір сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің сызбасын жасаушы, яғни жемқорлық әрекеттерін ұйымдастырушыларды қылмыстық жауапқа тартуға жұмылдырылып отыр.
«Мұндай сызбаларды жасайтын лауазым иелері әдетте алынатын параның мөлшерін белгілеп отырады. Сонымен қатар, қазір бюджет қаржысын жүйелі түрде жымқыру әрекеттері қауіпті жағдайға айналып барады»,-деді М.Жұманбай.