Жыл басына бері 30 мың абонент Kcell қызметінен бас тартқан

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда биылғы жылдың басынан бастап абоненттің нөмірін сақтай байланыс операторын ауыстыру қолға алынғалы бері 30 мың абонент Kcell қызметінен бас тартқан. Бұл туралы бүгін Алматыда журналистермен кездесу барысында «Кселл» АҚ атқарушы директоры Арти Отс мәлім етті.

Оның айтуынша, осы кезең аралығында, яғни биылғы жылдың басынан бері компанияда алты мыңдай жаңа пайдаланушы тіркелген.

«Пайдаланушылар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесіне сүйенсек, олардың көпшілігі байланыс сапасына емес, тариф саясатына көңілдері толмайтындығын айтады. Бұған, 2015 жылы біздің деректерді жеткізу желісі арқылы мобильді интернетті тұтынудың екі есеге дейін өскені дәлел бола алады», - деді А. Отс.

Сонымен қатар, оның айтуынша, компания Астанада мобильді интернетті тарату бойынша көш басында келеді. Яғни Астанада «Кселл» компаниясы нарықтың 70 пайызын қамтиды.

«2015 жылы желіні кеңейту және сапасын арттыру бойынша негізгі өндіріс құралдары мен жабдықтарының бағасын қосқанда компанияның күрделі шығыны 18 млрд астам теңгені құрады. Бұл Қазақстан халқының 73 пайызын мобильді интернетпен қамтамасыз етуге жол ашты. Бұдан басқа 5 мыңнан астам елді-мекенде компанияның дауысты байланыс жүйесі жұмыс істейді. Бұл халықтың 96 пайызын қамтиды. Биыл, қызмет көрсету сапасын арттыру жұмыстарын одан әрі жалғастыруды және барлық ірі қалаларда 4G LTE, яғни ұялы телефондар үшін деректерді жоғары жылдамдықпен жеткізу стандартын дамытуды жоспарлап отырмыз», - деді А. Отс.

Айта кетелік, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Қазақстанда «Ақпараттандыру туралы» жаңартылған заң күшіне енді. Соған сәйкес, абоненттер енді өздерінің телефон нөмірлерін сақтай отырып, басқа ұялы байланыс операторына ауыса алады.