Жыл басынан Атырау облысына 1,1 трлн теңге инвестиция тартылды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл басынан Атырау облысына 1,1 трлн теңге инвестиция тартылды. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде өңірімізге 1,1 трлн теңге инвестиция тартылды. Бұл - өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 6,7 пайызға жоғары. Оның ішінде сыртқы инвестиция - 474 млрд теңге, ішкі инвестиция - 665 млрд теңге. Елімізге тартылған жалпы инвестицияның 22,5 пайызы Атырау аймағына тиесілі», - деді С. Шәпкенов Орталық коммункациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның дерегінше, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба бойынша биыл бюджеттен 9,4 млрд теңге қаражат бөлініп, бүгінгі күні несие сомасы 20,9 млрд теңге болатын 208 жоба қолдау тапты.

«2023 жылы Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында жалпы сомасы 14,9 млрд теңге болатын 3 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Оның ішінде бір жобаны ерекше атап өткім келеді. Жыл соңына дейін құс фабрикасын тапсыруды жоспарлап отырмыз. Құны - 9,9 млрд теңге. Нәтижесінде 5 мың тонна құс етін өндіру жоспарланды», - деді облыс әкімі.