Жыл басынан бері 1,5 млн қазақстандық тегін дәрі-дәрмекпен қамтылды - ДСМ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылдың алғашқы 8 айында Қазақстанда 1,5 млн науқасқа тегін дәрі-дәрмек жеткізілді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа сілтеме жасап хабарлайды.

Министрдің айтуынша, жыл соңына дейін 3,5 млн науқас тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі керек.

«Өткен жылдан бастап, бүкіл тегін дәрі-дәрмекті сатып алу процесі орталықтандырылды. Қазір барлық дәрілер СК-Фармация компаниясы арқылы сатып алынады. Бірнеше техникалық мәселелер шешіп, конкурстарды онлайн ашық түрде өткіздік. Сол ашықтық негізінде көп бағалар төмен түсті. Нәтижесінде, 26 млн теңге үнемдедік. Бұл қаражат қосымша дәрі алуға жұмсалды және қосымша 20 мыңнан астам науқасқа тегін дәрі-дәрмек берілді», - деді Біртанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Денсаулық сақтау министрлігі тегін дәрі-дәрмектің халыққа жеткізілмеуінің бірқатар себептерін анықтаған.

«Денсаулық сақтау басқармалары мен емханалар дәрі-дәрмек көлемін дұрыс жоспарлай алмады. Науқастардың азаюы немесе көбеюі факторын ескермеген. Дәрілік заттардың тауарлық атауының өзгеруі, тұрақты түрде қайта тіркеуден өтетіні де назарға алынбаған. Осыған байланысты, өңірлер дәрілерге дұрыс тапсырыс бермеген», - деп түсіндірді министр.

Қазіргі уақытта барлық емханалар электронды жұмыс форматына ауысып жатыр және министрлік науқастардың нақты саны мен қажетті дәрілерін онлайн бақылауға алды.

«Ең бастысы цифрландыру дәрінің жетіспеушілігі мен сыбайлас жемқорлықтан арылуға мүмкіндік береді. Жыл басында тегін берілетін дәрілердің сатылымға шығып кеткенін анықтап едік. Қазір бұл оқиғаны құқық қорғау органдары тексеріп жатыр. Тегін дәрілердің дәріханаларда сатылмауы үшін тұрақты бақылау керек. Бақылауға тұрғындар да үлес қоса алады», - деді Елжан Біртанов.

Айта кетейік, келесі жылы науқастар тегін дәрі-дәрмекті алғанын SMS пен мобильді қосымша арқылы растай алады.