Жыл басынан бері 100-ден астам ақтөбелік әйелді күйеуі сабаған

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері 100-ден астам әйелді ер азаматтар ұрып-соққан. Нәзік жандылар күйеулерін жылдар бойы кешіріп, сотқа жеткен істі бітіммен шешуді тоқтатар емес, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбелік әйелдер ұрып-соққан күйеулері мен азаматтық некеде бірге тұратын ер азаматтарды жиі кешіреді. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлардың айтуынша, бірнеше рет шағым айтып, сот алдына барғанда кешірім беретіндердің қатары азаймай тұр. Өткен жылы 16 қылмыстық іс қозғалған. Барлығы 4 мың әйел зәбір көргенін есептегенде, бұл сотқа жеткен деректің мардымсыз екенін көрсетеді. Ал үш әйел ер мен әйел арасындағы дау-жанжалдан соң қаза болды.

«Отбасыдағы дау-жанжалдың көбі ішімдік ішуден соң туындайды. Жыл басынан бері араққа әуес 20 адам күштеп емдеу орнына жіберілді. Сонымен қатар, жарына тіл тигізіп, балағаттап, ар-намысына тигендердің саны 190-ға жетті. Қазіргі күні облыс бойынша 25 әйелді ұрып-соғу дерегі тіркелген. Оларды күйеулері мен азаматтық некедегі ер азаматтар зәбірлеген. Ал 88 нәзік жанды жеңіл дене жарақатын алған. Мұндай деректер азамайды. Біздің әйелдердің көбі кешірімшіл»,- дейді Жергілікті полицияның әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторы Марина Нұрымжанова.

Денесіне жеңіл-желпі зақым келген кез келген әйел бірден сотқа жүгіне алады. Ал соққының астында қалып, денесі көгеріп жүретін әйелдер үшін облыста 2016 жылдың желтоқсанында дағдарыс орталығы ашылды. Бірақ бұл орталық әзірге нәзік жандыларды қабылдап жатқан жоқ. Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік негізінде салынған орталықтың құрылысы аяқталғанымен, құжаттары рәсімделмеген. Уәде бойынша 1-қаңтарда барар жері қалмаған адамдар осы орталықты паналауы тиіс еді. Кәсіпкер мен әкімдік алдағы 10 жылға келісім жасауы тиіс болып, екі ара қызмет көрсету құнын келісе алмай отыр.

Меценат Асқарбек Мамырбаевтың айтуынша, құжаттар заңды түрде реттелсе, ақпанның орта тұсында орталық ашылып, әйелдерді қабылдай бастайды.