Бұл туралы бүгін өткен брифингте Астана қалалық Ішкі істер департаменті Есірткі саудасымен күрес басқармасының бастығы Аясын Байділдаев мәлім етті.
«Жыл басынан бері «Астана есірткісіз қала» бағдарламасы жүргізіліп жатыр. Осы бағдарлама аясында Ішкі істер департаменті қызметкерлерімен 117 қылмыс анықталды. Оның ішінде 35 қылмыстық іс бұл есірткі затын заңсыз сатқан азаматтарға қозғалған болатын. Астана қаласы бойынша 16 есірткі сатумен айналысатын нүкте анықталып, күдіктілер ұсталды. Олардың барлығы қазір қамауда, сондай-ақ тергеу шаралары жалғасуда»,- деді ол.
Жыл басынан бері заңсыз айналымнан 104 келіден астам есірткі заттары тәркіленді. Оның ішінде 3 келі 200 грамнан астамы ауыр есірткі заты - героин.
«Маусымның 26-сы халықаралық есірткіге қарсы күн ретінде аталып өтіледі. Осыған байланысты жыл сайын қалалық Ішкі істер департаменті, ІІМ, әкімдік бірігіп тиісті шараларды жүзеге асырады»,-дейді Аясын Байділдаев.
Сонымен бірге ол маусымның 14-і мен 19-ы аралығында елорда бойынша «Допинг» жедел алдын алу іс-шаралары өтіп жатқанын жеткізді. Қазіргі кезде ІІД қызметкерлері осының аясында тиісті жұмыстарымен айналысуда.