Жыл басынан бері 1406 нөміріне 500 мың қоңырау түскен

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Денсаулық сақтау министрлігінің бірыңғай байланыс орталығындағы 1406 нөміріне жыл басынан бері 500 мың қоңырау түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы вице-министр Марат Шоранов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты

«Былтыр денсаулық сақтау министрлігінің бірыңғай балйаныс орталығына «1406» нөмірі арқылы 800 мыңдай өтінім келіп түсіп, қаралды. Оның 10 пайызы шағым болды. Биылдың өзінде 500 мыңдай өтініш қаралды. Бұл жұмыс күн сайын жүргізіледі», - деді ведомство өкілі.

Айта кетсек, аталмыш шарада Марат Шоранов жалған вакцина паспортын сатып алғандарға қайта екпе алу мүмкіндігі қандай тәртіппен берілетінін айтқан болатын.

«Бір кезде заңсыз тәсілген жүгінген, енді нағыз вакцина алғысы келетіндерге қатысты айтсақ, бүгінде бізге ондай өтінімдер келген жоқ. Жүгінген жағдайда ондай азаматтармен жұмыс істеуге дайынбыз. Бірақ бұл жерде бірқатар нормативтік-заңнамалық мәселелерді атқаруымыз керек. Яғни, тиісті құзырлы органдардың тиісті мақұлдауы керек. Бірыңғай шешім шыққан кезде ол туралы мәлімдейміз», - деді вице-министр.