Жыл басынан бері 264 мыңнан астам алматылық тегін дәрі-дәрмек алды

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Биылғы жылдың бес айында 264 мыңнан астам алматылық 7,3 млрд теңгенің дәрі-дәрмегімен қамтамасыз етілді. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Филиал директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, МӘМС жүйесі енгізілгелі бері сақтандырылған алматылықтар қымбат медициналық қызметтерді белсенді пайдаланады. Медициналық қызметтердің пакеті кеңейді. Сонымен қатар, аурудың түрлері бойынша қажетті дәрі-дәрмектердің тізімі де ұлғайды.

«2021 жылға Алматыда науқастарды амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмектермен және медициналық сақтандыру пакетімен қамтамасыз ету үшін 19 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Жыл басынан бері 264 мыңнан астам алматылық 7,3 млрд теңгенің дәрі-дәрмегімен қамтамасыз етілді», - деп түсіндірді филиал директоры.

Тегін дәрі-дәрмектерді алу үшін пациент диспансерлік есепте немесе тұрғылықты жері бойынша мамандандырылған маманға тіркелуі керек. 18 жасқа дейінгі балалар дәрігердің диагнозымен дәрі-дәрмектер ала алады.


Соңғы жаңалықтар