Жыл басынан бері 432 мың адам жұмыспен қамту орталықтарына жүгінген
Дәулет Арғындықов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын жаңғырту және электрондық еңбек биржасын дамыту жұмыстары қалай іске асып жатқанын түсіндірді.
«Аудандар мен қалалардағы 203 жұмыспен қамту орталығы жұмыс іздеушілер үшін жұмыссыз ретінде тіркелуге, жұмыс іздеуге және жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем мен атаулы әлеуметтік көмек алуға қолдау көрсетеді. Түрлі себептермен тез жұмыс таба алмайтын азаматтарға «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бюджеттен субсидияланатын уақытша жұмыстар ұсынады. 2021 жылдың басынан бері жұмыс тәжірибесі жоқ 16 мың жас азамат оқу орындарын бітіргеннен кейін жастар практикасына жіберілді. Біліктілігі төмен 110 мыңнан астам адам қоғамдық жұмыстарға тартылған. 16 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды. 14 мың жұмыссыз азамат қысқа мерзімді оқуға жіберілді. 2021 жылы Жұмыспен қамту орталықтарына барлығы 432 мың адам жүгінген», – деді Дәулет Арғындықов.