Жыл басынан бері 800-ге жуық елордалықтың жалақы бойынша берешегі өтелді

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл 795 астаналықтың 86 млн теңгеден астам жалақы бойынша берешегі өтелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл 86,2 млн теңгеден астам жалақы бойынша берешек өтелді. Осылайша, 795 қызметкердің еңбек және конституциялық құқықтары қорғалды. 2022 жылы 1 758 қызметкердің жалпы сомасы 430 млн теңге жалақы берешегі өндірілген еді» - деді Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Ысмағұлов коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Оның айтуынша, жалақы бойынша берешек мәселелерін шешу және еңбек жанжалдарын болдырмау мақсатында тұрақты негізде проблемалы жұмыс берушілер және өзгеде жауапты органдармен отырыстар өтеді.

«Жыл басынан бері өткен 5 отырыстың нәтижелері бойынша жалақы бойынша берешекті өтеу, өндірістік жарақаттануды азайту, әлеуметтік аударымдарды төлеу бойынша берешек мәселелерін шешу және реттеу жөнінде шаралар қабылданды», - деп түйіндеді спикер.

Бұрын хабарлағанымыздай, биыл жалақысын ала алмай жүрген 13 мыңға жуық жұмыскердің құқығы қорғалды.