Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылған 423,5 мың адам 42,6 млрд теңге сомасында әлеуметтік төлемге ие болған. .
«Жоғарыда көрсетілген төлемдердің біріншісін алу құқығы жүктілік және босану бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағында көрсетілген күннен басталады. Бұл әлеуметтік төлемнің мөлшері жұмыс істейтін әйелдің соңғы жылдағы МӘСҚ-ға келіп түскен әлеуметтік аударымдары мен еңбекке қабылетсіздік күндерінің санына қарай болады.
Екінші төлемді алудың негізгі шарттары – кірісті жоғалту және бала 1 жасқа толғанға дейін нақты күтім жасау. Төлем мөлшері баланың туған күніне дейінгі соңғы 2 жыл ішінде МӘСҚ-ға түскен әлеуметтік аударымдарға қарай, орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды. Бұл ретте осы төлемнің ең төменгі мөлшері жұмыс істемейтін әйелдерге тағайындалатын 1 жасқа дейінгі бала күтімі жөніндегі осыған ұқсас ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшерінен кем болмауы тиіс», - деп түсіндірген хабарламада.
Жазбадан белгілі болғаны, ең жоғарғы мөлшер ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінің 40%-ынан аспауы тиіс.
Әлеуметтік төлемдерден 10 % міндетті зейнетақы жарналары ұсталып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шотына аударылады.