Жыл басынан бері Астана қаласында есірткі қылмысына қатысты 180 қылмыстық іс қозғалды - О.Әбдікәрімов

АСТАНА. Тамыздың 31-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 2010 жылдың басынан бері Астана қаласында есірткі қылмысына қатысты 180 қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы бүгін өткен брифингте қалалық Ішкі істер департаментінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Олжас Әбдікәрімов мәлім етті.

Оның айтуынша, 180 қылмыстық істің 65-і - есірткі бизнесіне қатысты қозғалған.

«Осы кезеңде 1 есірткі притоны анықталып, оның жолы кесілді сондай-ақ, есірткі жеткізілетін 2 арна мен 23 есірткі нүктесі жойылды. Заңсыз айналымнан 114 келіге жуық есірткі заттары алынды, оның 7 келісі - героин. Қала аумағында ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 320-шы бабына сәйкес 120 адам жауапкершілікке тартылды. Ал заңнаманың күшейтілуіне байланысты 2010 жылғы шілденің 1-інен бастап, Астана қаласының әкімшілік сотының шешімімен осы бап бойынша 34 адам қамауға алынды, 35-іне жалпы сомасы 419 мың 661 теңгеге айыппұл салынды», - деп атап өтті ол.

Сондай-ақ О.Әбдікәрімовтың айтуынша, жыл басынан қала маңындағы 6 бекетте қадағалаудың күшейтілуі арқасында есірткіні қала ішіне алып өтуге қатысты 75 әрекеттің жолы кесілген. 10 адам қылмыстық жауапқа, 65-і әкімшілік жуапкершілікке тартылды. Айналымнан 55 келіден астам есірткі заты алынды (2009 жылдың сәйкес кезеңінде 52 келі).