Жыл басынан бері Астанада 2 мыңнан астам адам жүргізуші куәліктерінен айырылды

АСТАНА. Тамыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Жыл басынан бері Астанада жол ережелерін бұзудың 130 мың оқиғасы тіркелді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қалалық Жол полициясы басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2010 жылдың алғашқы жарты жылында Жол полициясы қызметкерлері 130 476 жол ережелерін бұзу оқиғаларын тіркеді.

Қалалық әкімшілік соттың шешімімен 2198 адам көлікті жүргізуге құқық беретін жүргізуші куәліктерінен айырылды. Ал рөлге мас күйінде отырған 490 жүргізушіге уақытша қамауға алу туралы әкімшілік шарасы қолданылған.

Баспасөз қызметінің атап өткеніндей, жол ережелерін бұзған жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге қатысты қолданылған қатаң шаралардың арқасында, жол-көлік оқиғаларын және ондағы зардап шегушілердің санын азайтуға мүмкін болған. 2006 жылы 651 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 127 адам көз жұмған болса, 2009 жылы бұл көрсеткіш екі есеге азайғандығын көрсетті. Былтыр 372 жол-көлік оқиғасы орын алып, қаза болғандардың саны 60 адам болғаны белгілі. Бұл қаладағы көлік саны 62 пайызға, халық саны 18 пайызға өскендігін ескерсек, айтарлықтай оң көрсеткіш.