Жыл басынан бері Астананың 90-нан астам құтқарушысы наградталды
«Құтқарушылар қызметі күн сайын адамдарды құтқару жұмысындағы қауіп-қатерге толы. Жыл басынан бері Департамент пен оның бөлімшелерінің 90 қызметкері үкіметтік наградаға ие болды. Тәулігіне өрттен қорғау мен судан құтқару қызметінің, Медицина мен апат орталығының, ҚР ТЖМ Орталық аймақтық аэромобильдік шұғыл-құтқару жасағының 192 қызметкері жауынгерлік кезекшілікке түседі», - делінген Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті мәліметінде.
Осындай бір шұғыл шақырту кезінде ТЖ жауынгерлері жанып жатқан үйден зардап шегушілерді алып шықты. «Жедел жәрдем» қызметі екі адамның қаза тапқанын тіркеді. Соған қарамастан, қызметкерлер жасанды дем салып, алғашқы көмек көрсетті. Содан кейін барып, жаңағы екі зардап шегуші тіршілік белгісін сездірді.
«Екі аптадан кейін сол адамдар № 8 мамандандырылған өрт бөлімінің кезекші қызметкерлеріне келіп, алғыс сезімдерін білдірді. Мұндай оқиғалар аз кездеспейді», - деп түйінделген ведомство хабарламасында.