Жыл басынан бері «е-үкімет» порталы арқылы 1 079 000 электрондық анықтама берілді - ҚР БАМ

АСТАНА. 14 сәуір. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 1 қаңтары мен 13 сәуірі аралығында электрондық үкіметтің порталы арқылы 1 079 000 электрондық анықтама берілді, деп хабарлады ҚР БАМ баспасөз қызметі.

Ал 2010 жылдың 12 айында барлығы 1 671 000 анықтама берілді. Сонымен қатар, баспасөз қызметі хабарлап отырғандай, берілген электрондық сандық қолтаңбалар көрсеткіші де өсу үстінде. Бүгінгі күнге 498 000 электронды сандық қолтаңба берілді (Жыл басынан бері 72 522 ЭСҚ берілді). www.egov.kz порталына күн сайын орта есеппен 11 000 пайдаланушы кіреді.

Мемлекеттік электрондық қызмет көрсетулердің ішінде ҚР Әділет министрлігінің қызметтері сұранысқа көп ие. 13 сәуірдегі есеп бойынша жылжымайтын мүлікке тіркелген құқығы барлығы немесе жоқтығы туралы 11 000 электрондық анықтама берілген.

Бұдан кейін сұранысқа көп ие электрондық қызмет көрсетулердің ішінде -ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің зейнетақы қорларына салымшы қаржысының түсуі туралы анықтама. Жыл басталғалы осындай 3285 электрондық анықтама берілген.

www.egov.kz порталында ұсынылған электрондық қызмет көрсетулердің ішінде «тіркелген заңды тұлғалар мен олардың бөлімшелері немесе өкілдіктері туралы» және «Жеке тұлғаның қандай да бір заңды тұлғаға қатыстылығы туралы» анықтамалар да сұранысқа ие. Жыл басынан бері берілген осындай анықтама саны 1000-нан асты.

Естеріңізге салып өтеміз, 2011 жылдың 12 сәуірінде электрондық үкімет порталына 5 жыл толды!