Бұл туралы бүгін «Адам саудасын тоқтатайық!» атты акция аясында журналистермен баспасөз мәслихатын өткізген «Қазақстандағы дағдарыс орталықтары» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрайымы Зүлфия Байсақова мәлім етті.
Оның айтуынша, бүгінде елде адам саудасымен байланысты қылмыстар көптеп орын алуда. Соған қарамастан бұл мәселеге қоғам тарапынан жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей отыр.
«Адам саудасын тоқтатайық!» сияқты акция ұйымдастырудағы басты мақсат та - осы, яғни қалың көпшіліктің адам саудасымен байланысты мәселелерге назарын аудару. Жалпы күнделікті өмірде мұндай мәселелермен азаматтар кездесіп жатады. Соған қарамастан олардың көпшілігі осындай оқиғалар жайлы құзырлы органдарға хабарласуға ынта таныта бермейді. Біз бүгінгідей шаралар арқылы еліміздің әр азаматы адам саудасына қатысты мәселенің бар екеніне, ал кез-келген азамат оның жолын кесуге ықпал ете алатындығын жеткізгіміз келеді», - дейді басқарма төрайымы.
Сондай-ақ баспасөз мәслихатында елдегі адам саудасымен байланысты ахуалды сараптаған Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция комитетінің жедел уәкілі Қараторғай Бегалиннің айтуынша, биылғы жылы тәртіп сақшылары анықтаған адам саудасымен байланысты 203 қылмыстың 148-і сотқа жолданып, 93 іс бойынша соттың үкімі шығып үлгерген. «Сонымен қатар биыл адам саудасымен байланысты әркеттерден зардап шеккен 55 адам анықталды. Олардың 6-уы шет мемлекеттердің азаматтары. Ал адамдарды шет мемлекеттерге саудалау әрекеті тіркелмеген», - деді жедел уәкіл.