Жыл басынан бері еліміздегі негізгі капиталға инвестиция 7,9 пайызға өсті - Е. Досаев

АСТАНА. 23 шілде. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында инвестициялық белсенділік артып отыр.

Атап айтқанда, жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестиция 7,9 пайызға өсті. Былтырғы жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіш 3,1 пайызды құраған еді. Бұл туралы бүгін ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары талқыланған Үкімет отырысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлім етті.

Министрдің айтуынша, еліміздегі инвестициялық көрсеткіш Ақмола облысынан басқа барлық өңірлерде байқалған. Ал аталған өңірдегі төмендеу көрсеткіші 23 пайызға дейін жетіп отыр. «Тұрғын үй құрылысы саласына салынған инвестиция 212 млрд. 700 млн. теңгені құрап, 20,4 пайызға артты. 2,9 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Экономика өсімінің негізгі драйвері қызмет көрсету саласы көрсеткіштерінің 7,6 пайызға өсімімен байланысты болып отыр», - дейді Е. Досаев.

Оның сөзіне қарағанда, қаңтар-маусым аралығында еліміздегі сауда ауқымы 12,5 пайызға, көлік қызметі 7 пайызға, байланыс қызметі 14,7 пайызға артқан.