Жыл басынан бері елордада 5 мыңға жуық сәби дүниеге келді

АСТАНА. 8 сәуір. ҚазАқпарат - 2013 жылы бірнеше мың «жаңа елорда тұрғыны» дүниеге келді. Бұл туралы елордалық Әділет департаментіне сілтеме жасап, astana.kz сайты мәлім етті.

«2013 жылдың алғашқы 3 айында Астанада 4893 сәби дүние есігін ашты»,- делінген хабарламада.

Статистикалық мәліметтерге қарағанда, бас қалада жаңа туғандар саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өскендігі байқалады. Айталық, 2012 жылдың І тоқсанында 4203 бөбек туған.

Бұған дейін astana.kz сайтында хабарланғандай, 2012 жылы елордада 21 мың 266 бала туды. Орта есеппен өткен жылдың әр айында 1 мың 772 сәби, тәулігіне - 59-ға тарта сәби жарық дүниеге келген.

Сонымен қатар, ақпаратқа сәйкес, 2013 жылдың басында әйелдер барлық қала тұрғынының 51,3%-ын құрады. Олардың 64,5-ы - бала туу жасындағы әйел.

Бұдан басқа өткен жылы Астанада ана өлімі 100 мың жаңа босанғандарға шаққанда 20,9-дан 4,7-ге дейін төмендегенін айтқан ләзім. Осыған орай сәбилердің шетінеуі де азайып, 2011 жылға қарағанда 1 мың тірі туған балаға шаққанда 10,5 болды.