Жыл басынан бері аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру барысында қылмыстық жауапқа - 50 адам, әкімшілік жауапқа 25 адам тартылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Астана қалалық прокуратурасының Жедел-іздестіру қызметінің қадағалау бөлімінің бастығы Еркін Қозғамбаевтың мәліметтеріне қарағанда, «Астана есірткісіз қала» бағдарламасының аясында ішкі істер органдары заңсыз айналымнан 72 келі 402 грамм есірткілік заттарды алған. Олардың 4 келі, 789 грамын - героин, 59 келі 442 грамын - марихуана, ал 36,2 грамын гашиш құрап отыр.
Сонымен қатар қазір қылмыстық әрекеттердің алдын алу мақсатында Астана қаласының тәртіп сақшылары қаладағы қылмыс көп жасалатын аудандар мен аймақтарды ұдайы аралап, тексеріп отырады. Бұған қоса жергілікті жерлердегі аудандардың ерекшеліктері ескеріле отырып, нашақорлар көп жиналатын орындарда тәртіп сақшылары аралауы тиіс қосымша бағыттар жасалған. Сондай-ақ есірткілік заттарды жастар жиналатын орындарда қолданатын немесе оны саудалайтын азаматтарды анықтау бойынша да тиісті шаралар атқарылуда. Ал елорданың ойын-сауық орындарында астаналық полицейлер 5-тен астам жедел-сауықтыру шараларын ұйымдастырған. «Шеп» стационарлық бекеттерінің жұмыстары да күшейтілген.