Жыл басынан бері елордалық учаскелік инспекторлар тұрғындар алдында 1 мыңнан астам есептік кездесулер мен жиындар өткізді

АСТАНА. Қарашаның 17-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Жыл басынан бері елордалық учаскелік инспекторлар тұрғындар алдында 1 мыңнан астам есептік кездесулер мен жиындар өткізді.

Бұл туралы бүгін журналистермен болған апталық брифингте Астана қалалық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Қайрат Мұхитов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың қазан айының 10-нан бастап  учаскелік инспекторлардың есептік кездесулеріне байланысты кең көлемді арнайы шара өтуде және ол желтоқсанның 10-на дейін жалғасатын болады. Оған «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалының өкілдері мен жергілікті атқарушы органдардың және пәтер иелері коперативтерінің төрағалары қатысуда. Шара барысында тұрғындар тарапынан учаскелік полиция қызметкерлеріне қатысты айтқан ұсыныстар мен арыздар жедел түрде қаралып, ол бойынша тиісті шаралар қолданылатын болады. Қазан айының 10-нан бері елордада осындай 80-нен астам кездесу ұйымдастырылған.