Жыл басынан бері халықтың мазасын алған 1500 елорда тұрғыны жауапқа тартылған
2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жаңа редакциядағы кодекс күшіне енгеннен бері Астана қаласында осындай 1500 факт тіркелген. Бұл туралы бүгін Астана қаласының прокуратурасында өткен жиын барысында Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Ғосман Жакин мәлім етті.
«2015 жылдың жарты жылында елорда аумағында ұсақ бұзақылыққа жол берген 2260 азамат жауапқа тартылды. Бұл тәртіп бұзушылықтардың арасында әкімшілік сот 500 адамды әкімшілік қамауға алды. Шамамен 10 мыңнан астам азамат қоғамдық орындарда ішімдік ішкені үшін және қоғамдық орындарға мас күйінде кіргені үшін, 9 мыңнан аса азамат тыйым салынған орындарда темекі тартқаны үшін, 2 мыңнан астам азамат рұқсат етілмеген орындарда сауда жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған»,-дейді Ғ.Жокин.
Ал, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген жаңа әкімшілік кодекстегі ереже бойынша жыл басынан бері «халықтың мазасын алған» 1500 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен.
«Қоғамдық орындарда азаматтардың мазасын алған 1500 факт тіркелді. Өздеріңіз білесіздер, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Әкімшілік кодекс күшіне енді. Кодекстің жаңа редакциясындағы бұл өзгеріс қоғамдық орындарда, сондай-ақ көшеде қарапайым халықтың мазасын алатын жайттарды анықтап, тиісті шараларды қолға алуға көп пайдасын тигізіп отыр»,-дейді Ғ.Жокин.