Ведомствоның мәліметінше, мемлекеттік қызметкерлер арасындағы жемқорлықтың алдын-алу мақсатында мемлекеттік органдарға сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою туралы 326 ұсыныс жіберілді, олар бойынша 264 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 127-сі жұмыстан шығарылды.
Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясының) төрағасы Рашид Түсіпбеков ведомствоның жедел-тергеу бөлімшелерімен өткізген мәжілісте азаматтар мен мемлекет мүддесіне залал келтірместен бұрын, яғни қылмыстардың жолын алғашқы сатыларда кесудің өткен жылдан бастап қабылданған жаңа әдістері мен тәсілдері күткен нәтижелерді бере бастағанына және бұл бағыттағы жұмыстың жүйелі сипатқа ие бола бастағанына тоқталды.
Мәселен, Агенттікте құрылған мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың мемлекеттік сатып алу жоспарларын күн сайын қарап отыратын Ахуалдық орталықтың қызметі 3,2 млрд. теңге бюджет қаражатын мақсатсыз пайдаланудан сақтап қалды.
Оған қоса, жыл басынан бері талдау материалдарының негізінде залал көлемі 105 млрд. теңгені құраған 467 қылмыстық іс қозғалды.