Жыл басынан бері Маңғыстау облысында импорт көлемі азайып, экспорт көлемі ұлғайған
14:29, 20 Қаңтар 2009
АҚТАУ. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Осы жылғы қаңтардың 19-ындағы мәліметтер бойынша Маңғыстау облысында жыл басынан бергі сыртқы сауда айналымы 74 млн. 335,5 мың АҚШ долларын құрады.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 88 млн. 132,9 мың АҚШ долларымен салыстырғанда 15,7 пайызға кем. Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінің талдау және статистика бөлімінің бүгінгі таратқан мәліметінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Жыл басынан бері өңірге жалпы сомасы 51 млн. 149,2 мың АҚШ долларын құрайтын тауарлар мен көлік құралдары импортталған. Бұл өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда 21,4 пайызға азайғанын көрсетеді. Сыртқы сауда айналымындағы импорттың үлес салмағы 68,8 пайызды құрады. Ал экспорт, керісінше 0,6 пайызға артып отыр. Облыстан жыл басынан бері жалпы сомасы 23 млн. 186,2 мың АҚШ доллары болатын экспорт өнімдері жөнелтілген. Сәйкесінше, экспорттың сыртқы сауда айналымындағы пайыздық үлесі ? 31,2 пайыз», дейді Департаменттің ұйымдастыру жұмыстары және бақылау бөлімінің бас маманы Мақсат Ақмұратов. Жыл басынан бері кедендік төлемдер мен салықтар 1 млрд. 185 млн. 843 мың теңгені құраған. 2008 жылдың алғашқы екі онкүндігінде бұл көрсеткіш 1 млрд. 66 млн. 827,7 мың теңге болатын. Тиісінше, төлемдер мен салықтардың 11,2 пайызға көбейгені байқалады. Ал жыл басынан бері әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 11 қылмыстық іс қозғалған.