Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәлет Сүйіндіков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның деректері бойынша, Алматыда прокурорлардың ықпалымен «Темірбетон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері 400 жұмысшының 10 миллион теңгеден асатын айлық жалақылары бойынша қарыздарын өтеді. Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы «Краснополянское» серіктестігі жұмысшыларға 12 миллион теңге көлеміндегі берешектерін қайтарды. «Азаматтардың еңбек құқықтарын бұзғандарды жауапқа тарту мәселесі прокуратураның басты назарында. Мысалы Атырау облысының Жылыой ауданының прокурорлары «Нұр Жылыой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісіне айлық жалақыны бірнеше рет кешіктергені үшін қылмыстық іс қозғады», деді ресми өкіл.