Жыл басынан бері шағын көлемді су кемелеріне қатысты 117 заң бұзушылықтар анықталды - Көліктік бақылау комитеті

АЛМАТЫ. 11 шілде. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстанда жыл басынан бері жүргізілген тексерулер кезінде анықталған олқылықтарды түзеткенше 87 шағын көлемді су кемелерінің қолданылуына тыйым салынды.

Бұл туралы Көліктік бақылау комитетінің су көлігіндегі бақылау басқармасының бас сарапшысы Арлан Закарьянов бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтты.

"Жыл басынан бері Қазақстанда шағын көлемді кемелерге қатысты 9 көлік оқиғасы тіркелді. Онда 9 адам қайтыс болып, 1 адам хабар-ошарсыз жоғалды. Олар негізінен балық аулау барысында орын алды", - деді Арлан Закарьянов. Оның айтуынша, көлік апатының басты себебі негізінен адам факторы болып отыр. Ол кеме жүргізушілердің көлікті пайдаланудағы қауіпсіздік ережелеріне байланысты нормативтік-құқықтық актілерді білмеуінен және кемені мас күйінде жүргізуден туындайды. Қазір құзырлы органдар әрбір оқиға бойынша тексеру жүргізіп, оның себеп-салдарларын анықтауға барлық күш-жігерін жұмылдыруда.