Жыл басынан бері сыбайлас жемқорлық бойынша 570 адам сотталды

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жыл басынан бері 772 істі сотқа жолдаған. Сондай-ақ кінәсі дәлелденген 570 адам сотталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер бойынша тергеушісі Данияр Бегайдаров Antikor ақпарат алаңында осындай мәлімет келтірді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2021 жылдың өткен кезеңінде 1038 сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді, оның 772-сі сотқа жіберілді. Аталған қылмыстық істер бойынша 135 лауазымды тұлға ұсталды, 122 адамға қатысты «күзетпен ұстау» және 29 адамға қатысты «үйқамақ» бұлтартпау шаралары қолданылды», - деді агенттіктің аса маңызды істер бойынша тергеушісі.

Оның сөзіне қарағнада, жыл басынан бері сыбайлас жемқорлық қылмыстық істер бойынша 570 адам сотталған. Оның ішінде 138 адам пара алғаны үшін, 237 адам пара бергені үшін, 12 адам делдалдық үшін, 78 адам алаяқтық үшін, 42 адам ұрлық үшін, 42 адам лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін, 11 адам билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін жауапқа тартылған.

«Бас бостандығынан айыруға – 172 адам, бас бостандығын шектеуге – 56 (қалғандары шартты мерзімге және жазасын өтеуді кейінге қалдыра отырып - 8), пара сомасынан бірнеше еселенген айыппұлдарға 330 адам тартылды. Айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 1,9 млрд теңге болды», - деді Данияр Бегайдаров.


Соңғы жаңалықтар