Жыл басынан бері Ұлттық музейге 180 мың адам, соның ішінде 18 мың шетелдік азамат келген

АСТАНА ҚазАқпарат - 2015 жылдың тоғыз айында Ұлттық музейге 180 мыңнан аса адам келсе, оның он сегіз мыңы шет елден келген көрермендер болған. Бұл туралы бүгін "Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан" жобасының аясында Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің "Тарихы терең Ақ Жайық" атты көрмесін аша отырып, музей директоры Дархан Мыңбай мəлім етті.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық музейде Қарағанды, Павлодар, Атырау облыстарының музейлері өз көрмелерін өткізген.

"Музейіміздің уақытша көрме залы кез келген өңірдің музейі үшін қуана есік ашады. Зал бір өңір үшін екі ай уақытқа беріледі. Астана тұрғындарының, елорда қонақтарының барлығы бірдей өзге өңірге бара бермейді. Мынандай көрмелерден кейін сол өлкені тануға, көрмедегі экспонаттарды одан əрі зерттеуге ынта танытатын еді. Мысалы, қазір жастар шет елге көп шығады. Бірақ, менің ойымша шет елге шықпастан бұрын, Қазақстанның түпкір-түпкірін танып, қадірін білсе, қазақ екені үшін мақтанар еді. Тоғыз айдың ішінде Ұлттық музейге 180 мыңнан аса адам келсе, оның 18 мыңы шетелдік азамат болды",-дейді Д.Мыңбай.