Жыл басынан бері жеке сот орындаушыларының қарауына 300 мыңға тарта іс келіп түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы айқындаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында ағымдағы жылдың басынан алименттер мен айыппұлдарды өндіру жөніндегі функция жеке сот орындаушыларына берілген болатын. Осыған орай, ағымдағы жыл басынан бері жеке сот орындаушыларының қарауына 300 000-ға тарта іс келіп түсті. Бұл туралы ҚР Жеке сот орындаушылары палатасының баспасөз қызметінен хабарланды.

Айта кетерлігі, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 27-і қадамы жеке сот орындаушылар институтын жетілдіруге бағытталады. Аталған жүйені жаңғырту аясында 2016 жылдың басынан жеке сот орындаушылар құзыретіне заңды және жеке тұлғалардың атқарушылық өндірісі берілген болатын. Бұдан бөлек, алдағы уақыттарда мемлекеттік сот атқарушылығын сатылап қысқарту қарастырылады.

«Атап өтерлігі, 2016 жылдың басынан жеке сот орындаушыларға алименттер мен айыппұлдарды өндіріп алу функциялары берілген болатын. Осыған орай, жыл басынан бері (үш айды) жеке сот орындаушыларға 300 000 іс келіп түсті. Бұл өткен жылғы кезеңді тұтастай алғандағы көрсеткіштен екі есеге артық. Жалпы жеке сот  орындаушылардың өндірісінде 1 404 млрд. теңгені құрайтын 900-ден астам атқарушылық істер бар», - делінген баспасөз баянында.