Жыл басынан еліміздің су айдындарында 28 адам мерт болды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Суға шомылу маусымы әлі басталмаса да еліміздің су айдындарында 28 адам, оның ішінде 10 бала мерт болды. Бұл жайында ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл суға шомылу маусымы әлі басталмағанына қарамастан 29 сәуірдегі жағдай бойынша еліміздің су айдындарында 28 адам, оның ішінде 10 бала көз жұмды. Жыл басынан бері республика бойынша 18 балықшы суға батты. Оның 5-уі мұз астына түсіп кетті. Адамдардың қаза болуының негізгі себептері - балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу. Балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау осындай қайғылы салдарға әкеп соғады», - деді комитеттен.

Мәселен, 29 сәуірде ШҚО ТЖД жедел-құтқару жасағының мамандары мен Риддер қаласы 1-МӨСБ қызметкерлері өзенге батып кеткен 2002 жылы туған жігітті тапты. Іздеу жұмыстары 24 сәуірден бері жүргізілген. Ал Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Көктал ауылындағы Үржар өзенінде құтқарушылар суға шомылу кезінде батып кеткен 1987 жылы туған адамның мүрдесін әлі іздеп жатыр.

«Төтенше жағдайлар комитеті еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде жылы ауа райының басталуын, карантин режимінің жеңілдетілуін ескере отырып, азаматтарды су айдындарында болған кезде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады»,- делінген таратылған ақпаратта.