Жыл басынан құрылыстағы крандардың 5 апаты тіркелді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылдың басынан бері құрылыс алаңдарында крандарды пайдалану кезінде 5 апат орын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта республиканың әртүрлі аймақтарындағы құрылыс алаңдарында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс құрылымдарын монтаждау және технологиялық жүктерді жылжыту жұмыстары 1092 мұнаралы жүк көтергіш кранды пайдалану арқылы атқарылады. Бұл механизмдерді іске қосу кезеңінен бастап қауіпсіз жұмыс істеуіне мемлекеттік қадағалауды өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің мамандары жүзеге асырады», - делінген ҚР ИИДМ хабарламасында.

Мемлекет басшысының 2020 жылғы 15 наурыздағы «Қазақстан Республикасында төтенше жағдай енгізу туралы» Жарлығын орындау мақсатында төтенше жағдай кезінде аумақтық бөлімшелер мемлекеттік қадағалау әдістерін қайта қарады, яғни жұмыс уақытша қашықтан атқарылады.

«Биылдың басынан құрылыс алаңдарында крандарды пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтамау салдарынан бірнеше апат орын алды. 2020 жылғы бірінші тоқсанда 5 апат болып, оның салдарынан адамдар қайтыс болды», - деп аталып өткен ведомство мәліметінде.

Осыған байланысты аумақтық бөлімшелер құрылыс ұйымдарымен тиісті алдын-алу жұмыстарын жүргізуде. Оларға орындалуға тиісті өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуы туралы ақпараттық хаттар жіберіліп жатыр.Бұл шаралар апатқа жол бермеу бағытында қауіпсіздік жұмыстарын жүзеге асыруға негізделіп отыр.