Жыл басынан жарты миллионнан астам қазақстандық турист Өзбекстанға барған

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері жарты миллионнан астам қазақстандық турист Өзбекстанға келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Өзбекстанның мемлекеттік статистика комитетінің мәліметінше, 2023 жылдың қаңтар-сәуір айларында Өзбекстанға туристік мақсатта 2019,4 мың шетелдік азамат келген. Туризм ағынының көшбасшылары үштігінде Өзбекстанмен көршілес елдер тұр.

Бірінші орында Тәжікстан – 623,8 мың турист. Қазақстан 558,8 мың туристпен екінші орында. Қырғызстан 487,7 мың адаммен көшбасшылар үштігін тұйықтаған.

Ресей Федерациясынан келген қонақтар ағыны – 207,7 мың адам. Алыс шетелден 141,4 мың турист келген, оның ішінде Түркиядан – 29,7 мың, Оңтүстік Кореядан – 9,2 мың, Үндістаннан – 8,3 мың, Қытайдан – 6,3 мың турист.

Бұған дейін хабарланғандай, өткен жылы 1,5 миллионнан астам қазақстандық көрші республикаға барып, Өзбекстанның барлық туристік ағынының үштен бірін алған болатын.