Жыл басынан жастарға 1,5 мың микрокредит берілді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері 5 мыңнан астам грант және жастарға 1,5 мыңнан астам микрокредит берілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өз ісін дамыту үшін микрокредиттер мен гранттар беру бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі күні 5 мыңнан астам грант және жастарға 1,5 мыңнан астам микрокредит берілді. Конкурстық негізде жас кәсіпкерлерге жылдық 2,5 пайызпен жеңілдікті кредит берілуде», - деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, тұрақты және мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына жұмысқа тұру мүмкіндігі, қайта білім алу, бизнесті дамытуға мемлекеттік грант немесе микрокредитті қалай алуға болатыны туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілді.

«Аталған шаралардың барлығы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған», - деді Премьер-Министр.

Осыған дейін еңбек биржасы арқылы 124 мың азамат жұмыс тапқанын жаздық.