Жыл басында елордада 128 құрылысы аяқталмаған тұрғын үй бар болса, қазір олардың саны 123-ке түсті ? И. Тасмағамбетов

АСТАНА. Сәуірдің 6-сы. ҚазАпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Елордада жылдың басында 128 құрылысы аяқталмаған тұрғын үй болса, қазір олардың саны - 123. Бұл 1 822 үлескердің проблемасын шешуге мүмкіндік берді. Бүгін Астана қаласы әкімдігінде құрылысы аяқталмай қалған нысандарды сатып алу тетіктері жөнінде өткен баспасөз мәслихатында елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Қазір «Целиноград», «Олимп Палас», «Уют», «Махаббат» тұрғын үй кешенінің алғашқы кезеңі, сондай-ақ қабылдау актіне қол қою рәсімінен өтіп жатқан «Европалық» тұрғын үй кешені сияқты нысандарда құрылыс жұмыстары тәмамдалды. Осылайша, бірінші тоқсанда үлескерлік құрылыс нысандарындағы жұмыс кестесі толыққанды орындалды. Астана қаласының құрылыс секторы өз жұмысын мемлекеттің үлкен қолдауымен жүзеге асырып отыр», - деп атап өтті қала әкімі. Елорда басшысының айтуынша, қалған 123 нысанның 27-сіне мемлекеттік қолдаудың қажеті жоқ. Ал қалғандары мемлекеттен әртүрлі көлемде несиелік қаржы алуда. Олар 5 шартты топқа бөлінген. «Сонымен бірге, қалған 123 нысанның 32-сінің жағдайы орташа деп бағалануда. Олардың 12-сі ? нағыз проблемалық нысандар. Осы мәселені шешу үшін 15,2 миллиард теңге көлемінде қаражат қажет», - деді И.Тасмағамбетов.