ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: 2011 жыл Қазақстанның сыртқы саясаты үшін жемісті болды
Биыл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды бастамаларының бірі болып табылатын «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы аяқталды. Қазақстан еліміздің тауар айналымындағы үлес салмағы 50 пайыз болып табылатын Еуроодақпен кең ауқымды байланыстарды нығайта отырып, жаңа келісімдерге қол жеткізді. Нәтижесінде еліміз қазір Ресей мен Норвегиядан кейін ОПЕК құрамына кірмейтін Еуропалық Одақ құрамындағы энергия тасымалдаушы мемлекеттердің бірі. Жалпы алғанда әлемнің қай мемлекеті болмасын, өндірісі дамыған, бәсекеге қабілетті, өскен, өркендеген мемлекеттермен әріптестік қарым-қатынасты дамытуға күш салатыны анық. Себебі күшті мемлекеттің қолдауы, кез-келген елдің әлем алдындағы беделін арттырып, мемлекеттің қауіпсіздігі мен экономикасының дамуына ықпал етеді. Ал бұл бағыттағы Қазақстанның жасаған қадамдары қарышты болды деуге толық негіз бар. Биылғы жылы мемлекетіміз Ресей, АҚШ, Германия, Франция, Жапония және Италия сияқты үлкен сегіздікке кіретін 6 мемлекетпен стратегиялық байланыс орнатты.
Сыртқы саясаттағы тағы бір басымдық мемлекетіміз биыл Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығын аяқтап, осы ұйымға мүше мемлекеттердің басшыларының мерейтойлық Саммитін өткізді. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ-ның қызметін жетілдіруге қатысты бірқатар ұсыныстар жасап, олар қалың көпшілік арасында үлкен қызығушылық тудырды. Қазақстан сонымен қатар Тәуелсіздіктің 20 жылдығында Ислам конференциясы ұйымына төрағалығына кірісті. Аталмыш ұйым Біріккен Ұлттар ұйымынан кейінгі екінші орында тұрған ірі халықаралық құрылым екені белгілі. Осы ретте айта кететін мәселе: Қазақстан аталмыш ұйымға Солтүстік Африка мен Таяу шығыс елдеріндегі жағдайдың ушығып тұрған ең бір күрдел кезеңдерінде басшылық етті. Осындай қиын-қыстау кезеңге қарамастан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ислам ынтымақтастығы ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясында сөйлеген сөзі халықаралық ұйым үшін аса ерекше оқиға болғаны белгілі. Нәтижесінде Астана декларациясы XXI ғасырда Мұсылман әлемі негіздерін жаңғыртуға бағытталған болашағы зор құжат болды. Сонымен қатар осы жиын барысында аталмыш ұйымның атауын өзгерту жөнінде тиісті шешім қабылданды. Бұны халықаралық ұйым тарихындағы ерекше тарихи оқиға деуге болады.
Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы мен осы ұйымның Саммитін сәтті өткізгендігі жөнінде осыған дейін сан мәрте айтылды. Тіпті, еліміздің төрағалығынан кейінгі халықаралық сахнада болып жатқан көптеген үдерістер осы Саммит барысында қабылданған декларациядан туындағандығын да халықаралық сарапшылар мен саясаткерлер жиі айтып жүр. Сөз жоқ, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы сәтті өтті. Алайда еліміздің бұл ұйыммен байланысты төрағалық миссиясының атқарылуымен бітті деген ұғым тумаса керек. Себебі төрағалық аяқталысымен Қазақстан осы ұйымның үштігі аясындағы жұмыстарды белсенді жалғастырып келеді. Осылайша қазақстандық дипломатияның осы бағыттағы белсенді жұмыстарының арқасында соңғы 12 жылдың ішінде алғаш рет 1999 жылы жаңартылған Вена құжатының қабылдануы ЕҚЫҰ-ның Вильнюсте өткен Министрлер кеңесіндегі маңызды оқиғалардың бірі болды. Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы қызмет пен аталмыш ұйымның халықаралық деңгейдегі беделін арттыру Қазақстанның сыртқы саясаттағы басым бағыттардың бірі болып қала бермек. Себебі еліміз 2017 жылы аталмыш ұйымның Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі, ал 2016-2017 жылдары БҰҰ-ның Бас ассамблеясының 71-ші сессиясының төрағасы болуды мақсат етіп отыр.
Қазақстан ядросыз әлемдегі көшбасшы
Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қыркүйек айында ғана Нью-Йоркте ядролық қауіпсіздік мәселесіне қатысты БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 66-шы сессиясында өткен жоғары деңгейлі кездесулер барысында сөз сөйлеп, ядросыз әлемге ешқандай да баламаның жоқтығын ескертті. Сөйтіп, ядролық державаларды ядролық қарудан бас тартуға шақырды. Бұл бастаманы жиынға қатысушы мемлекеттердің барлығы дерлік қолдады. Тіпті АҚШ Конгресінің өкілдері Елбасын бейбітшілік пен ядролық қарусыз әлемді қалыптастыруға қосқан үлесі үшін Нобель сыйлығына ұсыну қажет деген пікірлерін де білдірді. Ал Қазақстан астанасында өткен «Ядролық қарусыз әлем» халықаралық форумын адамзат тарихындағы маңызды оқиғалардың қатарына жатқызуға болады. Аталмыш жиынға ядролық қарудан бас тартып, ядросыз әлемді қолдап, ұсыныстарын білдірген жоғары деңгейдегі қонақтардың көптігі соншалық, Қазақстанның бұл салада көшбасшы мемлекет екендігі тағы бір рет дәлелденді. Бұл жиынға өзінің құттықтауын жолдаған АҚШ Президенті Барак Обаманың өзі «Семей сынақ алаңының жабылуының 20 жылдығына орай және Қазақстан Республикасы мен оның Президенті Н. Назарбаевтың тарихи шешімін жоғары бағалаймын. Бұндай қадам ядролық қатерлерді төмендету және ядролық қаруды таратпау жөніндегі күш-жігердің кеңеюіне мығым негіз қалады. Ал бүгінгі шара ядролық сынақтарды тоқтатудың халықаралық қауымдастық үшін ең жоғарғы басымдық болып қалуы тиістігін білдіреді. Екі онжылдықтар бойына АҚШ пен Қазақстан биологиялық қаруды қысқарту және жою саласында бірлесе жұмыстар атқарып келеді», - деген тілегін білдірді.
Экономикалық дипломатия қашанда Қазақстанның сыртқы саясатының негізі болып қалады
Уақыт өмірімізге дендеп еніп бара жатқан жаһандану мен әлемде ықпалдаспай, жеке-дара дамудың мүмкін еместігіне көз жеткізе түсуде. Мұны жақсы түсінетін Қазақстан өзге елдермен тек саяси ғана емес, экономикалық байланыстарды да арттыруға күш салып отыр. Биыл ғана қолға алынып жүзеге аса бастаған Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерін біріктіріп отырған Кедендік одақ пен оның аясында қолға алынған және келесі жылдан бастап іске қосылатын Бірыңғай экономикалық кеңестік - ықпалдастық бағытындағы іргелі шаралардың бірі. Оның аясында Қазақстанның эконимикалық мүддесі мен еуразиялық интеграцияның ең тиімді деген үлгілерін іздестіруге деген талпыныс бар.
Қазақстан тәуелсіздігін алғалы экономикалық дипломатияның арқасында ел экономикасына 136 миллиард АҚШ доллар көлемінде тікелей инвестициялар тартылған. Жалпы Қазақстан үшін басты мақсат инвестиция салуға қолайлы ахуал қалыптастыру мен экономикамыздың құрылымын әртараптандыру және Қазақстанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына кірер алдында ұлтымыздың іскерлік белсенділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, еуразия кеңістігінде бірыңғай нарық қалыптастыру болып табылады. Қазақстан сонымен қатар өзінің халықаралық деңгейдегі рейтингін де көтерді. «Бизнесті жүргізу - 2012» кәсіпкерлер үшін лайықты жағдай қалыптастыру» Бүкіләлемдік банк рейтінгінде Қазақстан 183 елдің арасында 47-ші орында тұр. Ал «Ernst & Young» (E&Y) пен «Oxford Economics» институтының мәліметтерінше, Қазақстан ішкі жалпы өнім деңгейінің жоғарылығы бойынша Катар мен Қытайдан кейінгі үштікке кіріп отыр.
Бұл ретте басты жетістік біздің Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру бағытында келіссөздер бойынша қарышты қадамдар жасауымызда болып отыр. Бүгінгі таңда тауарлар мен қызметтер рыногына қолжетімділік мәселесіне байланысты екіжақты келісімдер аяқталды.