ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: 2015 жылдың басты кадрлық ауыс-түйісі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан Қоян жылында еліміздің мемлекеттік басқару жүйесінде бірқатар маңызды тағайындаулар орын алған болатын. Осы жылдың ішінде Үкімет басшысы да, оның орынбасарлары да ауысып, облыс басшылығында да кадрлық өзгерістер орын алды. Жаңа министрлік құрылды, күш-қуат құрылымдарына жаңа басшылар келді. Жаңадан құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы тағайындалды.

Есте болса, таяуда ғана отандық телеарналарға сұхбат берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кадрлық шешім қабылдауда ішкі сезімге жиі сенім артатындығын айтқан болатын. «Ә дегенде әрине, тәжірибеге жүгінесің. Тағайындайтын адамдарды білесің, істеп жүргенін, кімнің қалай екенін. Бәрін таразыға салып, қайсысы деген кез шынымды айтсам мен үшін ең қиын мәселе осы. Біріншіден, өзім тағайындаған азаматтардың сол жұмысты істей алмай, жұмыстан босатқан кезде қиналамын. Себебі оның өзін ғана емес, балаларын, ағайын-туғандарын ойлаймын. Мынаның аяғы шалыс кетіп, барлығы қиналады-ау деп, мынаны қазір жұмыстан алып тастасам, өзі де, барлығы да қиналады-ау деп ойлаймын. Одан кейін нақ тауып, дөп тауып, ертең жұмыс істеп кететіні қайсысы екен деп, оған да қатты қиналатыным рас. Ал енді тиісті адамды тауып, орнына қою ол да аз шешім емес», - деген еді ҚР Президенті.

Айта кетерлігі, ағымдағы жылы өткен кезектен тыс Президенттік сайлауда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айқын жеңіске жеткеннен кейін еліміздің Министрлер кабинеті, Президентке тікелей бағыныстағы және оған есеп беретін мемлекеттік органдар басшылары, Астана мен Алматы қалаларының және облыстардың әкімдері өз өкілеттіктерін доғарған болатын. Бірақ сол күні, ҚР Президенті Премьер-Министр қызметіне Кәрім Мәсімовтің кандидатурасын ұсынып, оны Парламент Мәжілісінің депутаттары бірауыздан қолдады. Дәл осы күні Н.Назарбаевтың Жарлығымен Үкіметтің бұрынғы құрама қайта 100 пайыз қалпында жасақталып, Астана мен Алматының және облыстардың әкімдері де өз қызметтерін сақтап қалды.

Осы жылдағы тосын кадрлық ауыс-түйістің бірі Дариға Назарбаеваның еліміздің Премьер-Министрінің орынбасары қызметіне тағайындалуы болғаны анық. 1963 жылы 7 мамырда Қарағанды облысының Теміртау қаласында дүниеге келген Дариға Нұрсұлтанқызы «Хабар» агенттігінің президенті, Директорлар кеңесінің төрайымы, ІІІ сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Республикалық «Асар» партиясының тізімі бойынша сайланған депутаты, «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоры» Қоғамдық қорының директоры болған. 2012 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы болды. 2014 жылғы 3 сәуірден Қазақстан Парламенті Мәжілісінің вице-спикері, сондай-ақ "Нұр Отан" партиясы фракциясының жетекшісі қызметін атқарды. «Парасат» және ІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен және Француз Республикасының Әдебиет және өнер орденімен, медальдармен марапатталған. Ағылшын, итальян, неміс тілдерін меңгерген.

Ал Д.Назарбаеваға дейін еліміздің Үкімет басшысының орынбасары болған Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалды. Экономика ғылымдарының докторы, профессор Б.Сапарбаев 1953 жылы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданының Бесарық ауылында дүниеге келген. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, ҚР Кедендік бақылау агенттігінің төрағасы, ҚР Қаржы вице-министрі - ҚР Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінің төрағасы ҚР Премьер-Министр Кеңсесі Басшысының орынбасары - ҚР Парламентіндегі Үкімет Өкілі, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметтерін атқарған болатын.

Б.Сапарбаевқа дейін Ақтөбе облысын басқарған Архимед Мұхамбетов Қостанай облысының әкімі қызметіне кірісті. 1972 жылы 6 маусымда Ақтөбе облысы Алға ауданында дүниеге келген. Самара мемлекеттік техникалық университеті мен Қазақ-орыс халықаралық университетін тәмамдаған. Еңбек жолын Ақтөбе қаласының коммерциялық құрылымдарында бастаған. Ақтөбе облысының сыртқы-экономикалық байланыс және инвестициялар басқармасының бастығы, «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өңірлік директоры, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, Ақтөбе қаласының әкімі қызметтерін атқарды. 2011 жылғы 22 шілдесінен бастап Ақтөбе облысының әкімі болды.

Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. 964 жылы 19 мамырда Алматы облысында дүниеге келген ол біраз жыл еліміздің шетелдегі елшіліктерінде жұмыс істеген. Қазақстан Республикасының Малайзия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болған. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Жауапты хатшысы қызметін атқарған.

Бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысына басшылық жасаған Асқар Мырзахметов «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалған еді. Ол 1962 жылы дүниеге келген. Ауыл шаруашылығы және экономикалық мамандықтары бойынша білім алған. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты. ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі, бірінші вице-министрі және Ауыл шаруашылығы министрі лауазымдарында қызмет атқарған. Еліміздің Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі. «Оңтүстік» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамын басқарған.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған Бауыржан Байбек Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды. Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбек 1974 жылы 19 наурызда Алматы қаласында туған. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Гете институтын, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Любек қаласындағы Жоғары мектепті, Орталық Азия университетін бітірген. ҚР Президенті Әкімшілігі Жүйелі зерттеулер орталығының сарапшысы, ҚР Президенті Хаттамасының ақпарат пен талдау секторының меңгерушісі, 2004 жылдан - бас инспекторы, Хаттама жетекшісі, ҚР Президенті Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары қызметтерін атқарған.

Ал Алматының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімов «АСТАНА ЭКСПО-2017» ҰК« АҚ басқармасының төрағасы қызметіне келді. 1950 жылы 15 желтоқсанда Алматы облысында дүниеге келген ол Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, Ресей қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген. Экономика ғылымдарының докторы. ҚР Премьер-министрінің орынбасары, ҚР Бас хатшысы, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары - Мемлекеттік қаржы салымдар комитетінің төрағасы, ҚР Президент Әкімшілігінің жетекшісі, ҚР-ның Бенилюкс мемлекеттеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, ҚР ауыл шаруашылығы министрі, ҚР Премьер-министрінің орынбасары болған.

Осы жылдың ішінде еліміздің күш-қуат құрылымдарында да кадрлық ауыс-түйіс орын алды. Атап айтқанда, «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің директоры болып Ғабит Байжанов тағайындалды. 1963 жылы дүниеге келген ол ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметі «Барлау» қызметі директорының орынбасары, «Сырбар» сыртқы барлау қызметі директорының бірінші орынбасары болған.

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінде оның төрағасы Нұртай Әбіқаевты зейнет жасына жетуіне және басқа жұмысқа ауысуына байланысты лауазымынан босату туралы шешім қабылдағанын айтып, оның орнына Владимир Жұмақановтың тағайындалғанын жария етті. Владимир Зейноллаұлы Жұмақанов жаңа лауазымға тағайындалғанға дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметінде болған. Ол 1982 жылдан қауіпсіздік органдарында жұмыс істейді. ҚР ҰҚК Департаментінде бөлім бастығының орынбасары, бөлім бастығы, басқарма бастығы, Департамент бастығының орынбасары, ҚР ҰҚК төрағасының кеңесшісі, ҚР ҰҚК Лаңкестікке қарсы күрес департаментінің бастығы қызметтерін атқарған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генерал-лейтенанты.

Таяуда Елбасы Жарлығымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екі бөлініп, Мемлекеттік қызмет істері министрлігі және оның құрылымында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы құрылған болатын. Аталған министрлікке басшы болып Талғат Советбекұлы Донақов тағайындалды. Т.Донақов 1965 жылы туған. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, КСРО Ғылым академиясындағы Мемлекет және құқық институтының аспирантурасын бітірген. Мамандығы бойынша - заңгер. Заң ғылымдарының кандидаты ғылыми атағы бар, ағылшын тілін меңгерген. Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімінің сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісінің бірінші орынбасары лауазымдарында қызмет атқарды. Әділет бірінші вице-министрі, Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы лауазымдарына тағайындалған. 2008 жылғы қазаннан Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары болды. Ал жаңадан құрылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының басшылығына Қайрат Пернешұлы Қожамжаров келді. Ол 1965 жылы туған. А.Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетін бітірген. ҚР прокуратурасының органдарында қызмет еткен. Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы, ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Төрағасының орынбасары болды. 2008 жылғы желтоқсан айынан бастап Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы қызметін атқарды. Кейін Ақмола облысын басқарды. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қызметін атқарды. Қаржы полициясының генерал-майоры.

ҚР Ұлттық банк Төрағасы қызметіне 1976 жылы туған Данияр Талғатұлы Ақышев тағайындалды. Ол ұзақ жылдар бойы Ұлттық банк жүйесінде жұмыс істеп, басқарма бастығы, департамент директоры, банк төрағасының орынбасары сынды қызмет жолдарынан өткен. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін ҚРПрезиденті Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі болған.

ҚР Ұлттық банкінің бұрынғы төрағасы Қайрат Келімбетов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы қызметіне тағайындалды. 1969 жылы 28 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келген. ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, «Қазына» орнықты даму қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы ҚР Экономикалық даму және сауда министрі, ҚР Премьер-министрінің орынбасары қызметтерін атқарған.