Жыл сайын Біріккен Араб Әмірліктеріне Қазақстаннан 20 мыңға жуық турист барады

АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат - Жыл сайын Біріккен Араб Әмірліктеріне Қазақстаннан 20 мыңға жуық азамат туристік визамен барады.

 Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша баяндаған Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель мәлім етті.

И. Меркельдің айтуынша, Қазақстан үшін Араб Әмірліктері ауқымды туристік қызығушылықты тудырып келеді. «Мысалы, жыл сайын біздің 20 мыңға тарта азаматтарымыз Біріккен Араб Әмірліктеріне туристік визамен барады», - дейді Бас прокурор орынбасары.

Оның айтуынша, қылмыскерлерді ұстап беруге қатысты осындай келісім Қазақстан мен Қытайдың, Кореяның, Литваның, Моңғолияның, Түркияның және тағы басқа бірқатар елдердің арасында жасалған. «Дегенмен  Еуропалық Одақ біздің соттың әділ төрелігі туралы төрт конвенцияға қосылғанымызды қаламай отырғандықтан, біз бүгінгі күні Еуропа елдерімен де осындай екіжақты келісімдер жасауды қолға алып жатырмыз», - дейді Иоган Меркель.