Жыл сайын елімізде 152 мыңға жуық адам қайтыс болады, оның 56,8 пайызы ер адамдар

АЛМАТЫ. 2 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Өлім себептерінің ішінде қан айналымы жүйесінің аурулары бірінші орында тұр. Одан кейінгі орындарда ер адамдардың жарақаттанулары мен уланулары, әйелдердің - онкологиялық дерттері тұр. Бұл туралы бүгін Салауатты өмір салтын қалыптастыру Ұлттық Орталығының директоры Сәуле Диқанбаева Алматыда өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

ҚР Статистика агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, 2009 жылы Қазақстандағы өмір жасының ұзақтығы 68,6 жасты құрады. Бұл ретте ер адамдардың өмір жасының ұзақтығы 63,62 жас болса, әйелдерде 73,55 жасты құраған.

«Бұл жағдай ер адамдарда ауру-сырқаулық пайда болуының негізгі себептері мен өлім деңгейі тәртіптік қауіп-қатер факторларына жоғары дәрежеде тәуелділіктен туындап отыр. Сонымен қатар, еңбекке жарамды әйелдермен салыстыранда, еркектер арасында жүрек қан-тамыр ауруларынан болатын өлім 3,5 есеге жиірек кездеседі. Ал жарақаттанулар 4,4 есеге жиірек ерлер өлімінің себебі болады», - деді С. Диқанбаева.

Статистикалық деректер бойынша, психоактивті заттарды қолданумен есепте тұрғандардың 88 %-ы, ал алкоголь қолданатындардың 89 %-ы ерлер үлесінде. Оған қоса, алкогольді тұтынудан болатын психикалық және тәртіптік бұзылыстар ауру-сырқаулығы 100 мың тұрғын халыққа ерлерде 58,6, ал әйелдерде 70,8 құрайды.