Бұл жайында бүгін Туберкулез проблемасы ұлттық орталығының директоры Тілеухан Әбілдаев арнайы өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Оның айтуынша, көрсеткіш 2010 жылы 100 мың тұрғынға 95,5-ті құраған, бұл 2009 жылға қарағанда 10 пайызға аз. Осыған байланысты туберкулездің алдын алу және емдеу ҚР-ның 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтаудың мемлекеттік бағдарламасының басты бағыттары болып табылады.
«Кешенді түрде атқарылған жұмыстардың арқасында бұл індеттің таралуын 1998 жылдарға қарағанда төмендеттік. Үкіметтің және барлық аймақтық атқарушы органдар тарапынан туберкулезге қарсы шараларда көптеген қолдауларға ие болып отырмыз. Әр облыс әкімдері туберкулезге қарсы шараларды қолдап, қаржы бөліп, ауруға шалдыққандарды емдейтін ғимараттарды қайта жөндеуден өткізіп беруде. Денсаулық сақтау министрлігі қажетті медициналық жаңа диагностикалық құрал-жабдықтар алып беруде. Дегенімен туберкулезбен күрес тек Үкіметтің ғана міндеті болмай, оған бүкіл қоғам болып жұмыла атсалысу керек», -дейді Т. Әбілдаев.
Оның пікірінше, БАҚ өкілдері халыққа ауру індеті жайында толыққанды мағлұмат беріп, оның алдын алуға көмектесу керек. Қазіргі таңда елімізде туберкулезге қарсы 129 мекеме жұмыс істейді.
Ал салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының ұлттық орталығы директорының орынбасары Татьяна Слажнева 2011 жылы да дүниежүзілік туберкулезге қарсы күні аталып өтіліп, бірқатар шаралар атқарылатындығын айтады.
Қазіргі таңда жыл сайын елімізде 15570-тей азамат аталған індетке шалдықса, оның 1500-ге жуығы осы аурудан көз жұмады екен. Ал дүниежүзі бойынша жыл сайын 9 млн адам осы дертпен науқастанып, олардың 2 миллионы аталған індеттен бақилық болуда.