«БҰҰ-ның Азия және Тынық мұxиты өңірлеріне арналған Экономикалық және әлеуметтік Комиссиясының (ЭСКАТО) мәліметіне сәйкес, жыл сайын Қазақстан экономикасы еңбек мигранттарының есебінен кем дегенде ЖІӨ-нің 0,57 пайызын немесе 1,1 млрд. АҚШ долларын алады»,-деп тоқталды бас мемлекеттік еңбек инспекторы «Көші-қонның әлеуметтік-экономикалық әсерлері: мигранттардың қорғансыздығы және Орталық Азиядағы интеграциялық қажеттіліктер» атты дөңгелек үстелде.
Оның сөзіне қарағанда, еңбек мигранттары елде баспанаға, денсаулық сақтау саласы қызметіне және коммерциялық қызметтердің кең ауқымына сұраныс тудырады.
«Дегенмен де, тәжірибе көрсетіп отырғандай, қолданыстағы рәсімдер жұмыс берушілер мен мигранттарға әрдайым тартымды бола бермейді. Осыдан тіркелмеген еңбек көші-қоны, экономиканың көлеңкелі секторының кеңеюі, ішкі еңбек нарығының бұзылуы, салықтың бюджетке тиісті деңгейде түспеуі секілді мемлекет үшін күрделі әрі қолайсыз салдар орын алады»,-деді ол.
А. Сарбасов сонымен қатар бұл тұрғыда тіркелмеген мигранттар құқығының қорғалмауы секілді мәселелер де туындайтынын сөз етті.