Бүгінде елімізде онкологиялық дерттерден өлім-жітім деңгейі жүрек-қантамырлары ауруларынан кейін екінші орында тұрғанына тоқталған ол, «Жыл сайын Қазақстанда осы қатерлі індеттен 16 мың адам көз жұмады. Сондықтан да қазіргі кезде республиканың онкологиялық қызметі алдында аталған дертке шалдыққан адамдарды дер кезінде диагностикадан өткізу мен емдеу мәселесі ерекше назарға алынды»,-деді.
Оның сөзіне қарағанда, Елбасының тапсырмасы бойынша елордада Ұлттық медициналық холдинг базасында Ұлттық ғылыми онкология орталығы құрылады. Орталық онкология саласында алдыңғы қатарлы халықаралық орталықтардың бірі болмақ. Осы бағытта бүгінде білікті шетелдік мамандар тартылуда, дертті зерттеудің алдыңғы қатарлы әдістемелері енгізіліп жатыр.
Сонымен қатар Г. Әбдіқалықова «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында отандық және шетелдік клиникалар базасында екі жүзден астам маманды даярлау жоспарланғанын атап өтті. Олардың арасында онкологтар, медициналық физиктер, радиологтар, инженерлер және басқа да қажетті мамандар қамтылған.
Таратылған мәліметтерге қарағанда, қатерлі ісіктен көз жұмғандардың 42 пайызы еңбекке қабілетті жастағы адамдар.
26 қыркүйекке дейін жалғасатын симпозиумға АҚШ, Еуропа және ТМД елдерінің онкологиялық орталықтарының дәрігерлері, денсаулық сақтау ведомстволарының мамандары, осы саладағы ғылыми қызметкерлер қатысуда.