Бұл туралы Алматыда Қазақ сәулет-құрылыс академиясында өткен түсік жасату және қыздардың репродуктивті денсаулығы мәселелеріне арналған конференция барысында дәрігер-гинеколог Шахидам Сейітова айтты.
Оның айтуынша, жас қыздардың жартысынан көбінің репродуктивті қабілеті бұзылады және оның арты ешқашан сәбилі бола алмауға әкеп соғады.
Қалалық студенттік отбасын құруды жоспарлау кабинетінің дәрігері Гүлмира Әміралиеваның айтуынша, әр емханада жоспарлау кабинеттері бар. "Ол жерлерде де, бізде де әр қызға тегін кеңес және гинекологиялық көмек беріледі. Сондай-ақ тегін контрацептік препараттарды да ала алады. Сондықтан жастарды отбасын құру кабинеттеріне келіп, қажетті кеңес алуға шақырамыз", -деді ол.
Конференция барысында студенттер бұл саладағы медицина мамандарының отбасын жоспарлау, саналы түрде ата-ана болу, бала туу қабілетін сақтау, контрацепция туралы кәсіби кеңестерін тыңдап, өзара пікір алмасып, түсік жасатудың неге алып келетіндігінен ақпарат алды. Олар сонымен қатар бұл мәселеге қатысты өз пікірлерін де білдірді.
Жобаның жетекшісі Денис Лазаревтың айтуынша, бұл шара "Бүкіләлемдік контрацепция күні" аясында ұйымдастырылған. "Бұған дейін бірнеше ЖОО-да осындай конференциялар өткізілді. Біз бірнеше ай бойы тағы да басқа оқу орындарында ақпараттандыру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Ондағы мақсатымыз жастарға саналы түрде ата-ана болудың маңыздылығын жеткізу", - деді ол.
ДДҰ-ның мәліметтері бойынша, бүкіл әлемде 80 миллион әйел жоспарланбаған жүктілік проблемасына ұшыраса, 20 миллион әйел түсік жасатады, оның нәтижесінде 68 000 әйел көз жұмады. Бұл мәселеге дамыған елдер де, дамушы елдер де ұшырасуда.
2007 жылдың 26 қыркүйегінен бастап аталып келе жатқан Дүниежүзілік контрацепция күнінің негізгі мақсаты - әлем бойынша әйелдердің денсаулығын сақтауда контрацепцияны насихаттау, жастарға таныстырып, ақпарат беру, контрацепция мен отбасын жоспарлау тәсілдерін таңдауға кеңес беру.