Жыл сайын Қазақстанда вакциналауға 20 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінеді - А.Цой

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл сайын Қазақстанда вакциналауға 20 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Алексей Цой мәлім етті.

«Қазақстанда Ұлттық егу күнтізбесіне сай халықты 21 жұқпалы ауруларға қарсы тегін вакциналау жүргізілуде. Біздің Ұлттық егу күнтізбеміз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдары мен көптеген дамыған елдердің, атап айтқанда, Австрия, Израиль, Бельгия, Германия, Түркия, Жапонияның иммундау кестесіне сай. Жыл сайын Қазақстанда вакциналауға 20 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінеді», - деді вице-министр.

А.Цойдың атап өтуінше, республикадағы имундауға негізделген барлық вакциналар ДДСҰ мен ЮНИСЕФ ұсынған, сертификатталған, брендтелген вакциналар шығаратын өндіруші-зауыттардан сатып алынады. Барлық вакциналар жаппай қолдануға дейін мемлекеттік тіркеуден өтіп, емханаға дейінгі және емханалық сынақтан өткізіледі. Профилактикалық егу жүргізудің алдында егілетін адам міндетті түрде дәрігердің тексеруінен өтеді.

«Халықаралық мәліметтерге сәйкес, вакциналау мүгедектікке шалдығуға себепкер болмайды. ДДСҰ мәліметінше, энцефалит түріндегі қызылша вакцинасын енгізу кезінде мұндай жағдай болуы мүмкін. Ол вакциналанған 1 млн. адамға шаққанда 1 жағдай ғана тіркеледі. Ал қызылшамен сырқаттанған 100 жағдайдың 38-інде (38%) өкпенің зақымдануы басталады, 100 жағдайдың 10-да (10%) ауырған адамдар қайтыс болады», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, егу процесінде болжамды және аллергиялық реакция туындауы мүмкін. Болжамды реакция дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, өзін-өзі жайсыз сезіну түрінде болады. Бұл симптомдар өздігінен жойылуы мүмкін, дегенмен, медициналық қызметкерге қаралған орынды.

Жеке реакцияның пайда болуына конституциялық, генетикалық факторлар, алдыңғы ауру салдарынан туындаған ағзаның қарсы тұру мүмкіндігінің төмендеуі, тамақтану тәртібінің бұзылуы, вакцинаның әсеріне ағзаның өзіндік жоғары сезімталдығы, сонымен бірге, имуннитет тапшылығы жағдайының бірінші және екінші көрінісімен әсер етуі мүмкін», - деді А.Цой.