Жыл сайын жас ғалымдарға 50 ғылыми стипендия беріліп отырады - министрлік

АСТАНА. ҚазАқпарат – Редакциямыздың ресми сауалына жауап берген Ғылым және жоғары білім министрлігінің мамандары жас ғалымдарды қолдауға бағытталған шараларға тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен жас ғалымдарға қолдау күшейді. Жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру аясында 881 жоба жүзеге асып жатыр. Сондай-ақ, Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландыратын әр жобада жас ғалымдар мен зерттеушілердің үлесі кемінде 40% құрауы тиіс. Жыл сайын 35 жасқа дейінгі талантты жас ғалымдар үшін 50 мемлекеттік ғылыми стипендия беріледі, жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздiк жұмыс үшiн жас ғалымдарға арналған Д.Қонаев атындағы және гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздiк жұмыс үшiн М.Әуезов атындағы сыйлықтар тағайындалады», - деп жазылған министрлік ұсынған жауапта.

Сонымен бірге ведомство ақпаратына сәйкес, жыл сайын ғылымға қызығушылық танытатын жастардың қатары да артып келеді.

«Былтыр 35 жасқа дейінгі жас ғалымдардың үлесі артып, зерттеуші ғалымдар 5 962 адам болды. Яғни, 2021 жылмен салыстырғанда бұл салаға 18 жас ғалым қосылды», - делінген хабарламада.