Жыл соңына дейін 1 мың шақырым жол пайдалануға берілмек

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл соңына дейін шамамен 1 мың шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз бұрын басталған барлық жобаларды аяқтауымыз қажет. Бүгінде еліміздегі автожол саласындағы ондай жобалардың саны 17-ге жетті. Осы орайда іске асырылуы 2024 жылға дейін жоспарланған 4 мың шақырым жол желісі бар. Жыл соңына дейін шамамен 1 мың шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланып отыр», - деді Қ. Өскенбаев.

Оның айтуынша, қалған 3 мың шақырым жолдағы жұмыстарды 2023 жылы аяқтау ескерілген.

«Осы ретте негізгі іске асырылып жатқан жобаларға тоқталайын. «Орталық - Оңтүстік» бағытында 2024 жылдың соңына дейін жалпы ұзындығы 1 208 шақырым болатын «Қарағанды - Балқаш - Бурылбайтал - Құрты - Қонаев» және «Мерке - Бурылбайтал» жобалары аяқталады. «Қарағанды - Балқаш - Бурылбайтал - Құрты - Қонаев» учаскесінің жалпы ұзындығы – 946 шақырым. Бүгінде ондағы 428 шақырымда қозғалыс ашылды. Жылдың соңына дейін қосымша 106 шақырымда қозғалыс ашылады. Қалған 412 шақырымды 2023 жылы аяқтаймыз», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, жыл соңында ұзындығы 262 шақырым «Мерке - Бурылбайтал» учаскесінде қозғалыс толық ашылады. Қазіргі кезде ондағы 158 шақырым жолда көлік қозғалысы қамтамасыз етілген. Қалған 104 шақырым жолда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Еліміздің шығыс өңірлерінде жалпы ұзындығы 1 363 шақырымда 3 ірі жоба іске асырылып жатыр. Олардың арасында «Талдықорған - Өскемен», «Қалбатау - Майқапшағай», «Үшарал - Достық» жолдары бар. Келесі жылы барлық осы учаскелер бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталады», - деді ведомство басшысы.

Атап айтқанда, жалпы ұзындығы 768 шақырым «Талдықорған - Өскемен» учаскесінің 649 шақырымында қозғалыс ашылды. Қалған 119 шақырым жол 2023 жылы тапсырылады.

Сонымен қатар, 415 шақырым болатын «Қалбатау - Майқапшағай» учаскесіндегі 159 шақырым жолда қозғалыс ашылды. Жылдың аяғына дейін тағы 15 шақырым косылады. Қалған 241 шақырым жол келесі жылы пайдалануға беріледі.

Жалпы ұзындығы 180 шақырым «Үшарал - Достық» учаскесіндегі 155 шақырым жолда қозғалыс ашылды. Ал, 25 шақырым жолдағы құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталады.

Айта кетейік, 2025 жылы республикалық желі бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі 100 пайызға дейін жеткізілмек.