Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі кездегі ғаламдық тренд - бұл цифрлық экономикаға сай білікті мамандарды дайындау. Сондықтан да еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақында еңбек және жұмыспен қамту саласында 7 міндетті белгіледі. Бірінші міндет - ол еңбек сұранысының қажеттілігіне сәйкес кадрларды дайындау. Мұны іске асыруда бізге білім беру процесіне және кәсіби құзіреттілік мәселеріндегі тәсілді өзгерту қажет», - деді ол.
Осы орайда Гүлшара Әбдіқалықова бірқатар мәселеге назар аудартты.
«Біріншіден, техникалық және кәсіби білім жүйесіндегі құрылымдық өзгерістер министр айтқандай, бірнеше бағытпен жүруі керек. Ең алдымен бұл дуальды оқытуды одан ары дамыту, екіншіден, колледждерді басқару процестерін жетілдіру», - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Оның айтуынша, колледжердің ұйымдастыру түрінің өзгеруіне байланысты олардың материалдық-техникалық жағдайларын жақсарту, қазіргі заманғы талаптарға жауап беретін заманауи кәсіби стандарттар негізінде білім беру бағдарламаларының мазмұнын жаңарту бойынша мәселелерді шешу қажет.
«Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігіне өңірлердің әкімдіктерімен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, әрекет етуші колледжерге талдау жүргізуге, оларды мұнан ары жетілдіру бойынша ұсыныстарды пысықтауға бизнес құрылымдары тарту тетіктерін әзірлеуді қажет етеді», - деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Гүлшара Әбдіқалықова екіншіден, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мниистрлігі салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, жылдың соңына дейін 480 кәсіптік стандартты әзірлеуді аяқтауы қажет екендігін айтты.
«Оларды әзірлеу кестесі де анықталды. Оларды тоқсан сайын қарастыратын боламыз. Оның үстіне Еңбек министрлігі апта сайын бұл жұмысқа мониторинг жүргізеді. Салалық мемлекеттік органдар осы жұмысқа атсалысуына тапсырма беруіңізді сұраймын», - деді Гүлшара Әбдіқалықова ел Премьер-Министрі Асқар Маминге қарата.
Сонымен қатар ол жоғары білікті сұранысқа ие кадрларды дайындау бойынша қойылған мақсатқа тек мемлекет пен бизнестің тығыс байланысы ғана септігін тигізе алатындығына назар аудартты.