Облыстық мәслихаттың 14-ші сессиясында аймақ басшысы облыс бойынша биылғы жылдың жеті айында атқарылған жұмыстар туралы айтып берді. Аймақ басшысының сөзіне қарағанда өңірде даму үрдісі байқалады. Нақтырақ алсақ, ауыл шаруашылығы және құрылыс саласында көрсеткіштер жоғары.
Осы аралықта экономикаға тартылған инвестиция көлемі 110,9 пайызды құрады. Жыл басынан бері облыста 100 астам әлеуметтік, өнеркәсіптік инфрақұрылым, шағын және орта бизнес нысандары ашылды. Жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызға төмендеді. Оған қоса, облыста ҮИИД мемлекеттік бағдарламасы бойынша жалпы құны 600 миллиард теңгеге 18 жоба жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылы 7 жобаны жүзеге асыру арқылы 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Сонымен қатар, облыс әкімі Елбасының «Руни жаңғыру» жалпыұлттық бағдараламасын жүзеге асыру барысына ерекше көңіл бөлініп отырғанына тоқталды.
«Бұл бағытта облыста жалпы құны 10,2 миллиард теңгеге 102 жоба анықталған. Оның ішінде 4,8 миллиард теңгесін «Туған жерге - тағзым» патриоттық акция қатысушылары, бизнес өкілдері, меценаттар және өз елді мекенінің тумалары есебінен алынып отыр», деді Мәлік Мырзалин.
Өз кезегінде халық қалаулылары жергілікті атқарушы органдардың жұмысы туралы ұсынылған талдау қорытындысы бойынша алдағы міндеттер белгіленген және оны бірлесе жүзеге асыру керектігін атап өтті.