Жыл соңына дейін Астанада 33 балабақша іске қосылады - А.Балаева

ТАНА. 30 қыркүйек. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Елдің бас қаласы - Астанада соңғы үш жылда мектепке дейінгі балалар саны екі есеге дерлік артты.

Бұл туралы бүгін қалалық мәслихаттың кезекті отырысында елорда әкімінің орынбасары Аида Балаева мәлім етті.

Балдырғандарды мектепке дейінгі біліммен және тәрбиемен қамту мәселесіне тоқталған А.Балаева, демографиялық өсім мен миграцияның арқасында Астана қаласында балалар саны ұдайы артып отырғанын және бұл қуантарлық үрдіс екендігін атап өтті. Атап айтсақ, 2008 жылы Астанада 58 мыңнан астам бала болса, 2011 жылы олардың саны 90 мыңға жетті. Сол сияқты мектепке дейінгі 39 мекеме болса, биыл олардың саны 114 мыңды құрады.

«Балапан» бағдарламасының шеңберінде 2009 жылдың желтоқсанынан бері қайтарып алу, жаңадан салу және жекеменшік балабақшаларда мемлекеттік тапсырысты орналастыру және шағын-орталықтарды ашу арқылы 11 243 орын құрылды. 2010 жылға дейін мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 41,8 пайыз болды, қазір бұл көрсеткіш 59,8 пайызды құрады. Үш-алты жас аралығындағы балаларды балабақшалармен қамтамасыз ету - 77 пайыз. Бүгінгі күні жалпы кезекте тұрғандардың саны 46 839-ды құрап отыр», - деді ол.

Бүгінгі уақытта 6 балабақшаның құрылысы аяқталды, тағы 7 балабақша (1800 орынға арналған) мен 4 жапсырма ғимараттың «360 орын) құрылысы жүріп жатыр.

«Жалпы алғанда, жыл соңына дейін әртүрлі үлгідегі 33 мектепке дейінгі мекеме іске қосылып, қосымша 9 мың орын құрылады», - атап өтті А.Балаева.