Жыл соңына дейін Астанада 95 тұрғын үй кешені пайдалануға беріледі - И.Тасмағамбетов

АСТАНА. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша бой көтеріп жатқан және экономиканы тұрақтандыру аясында құрылыстары аяқталып жатқан бірқатар нысанды аралады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көшпелі жиынға қатысуышлар Н.Тілендиев даңғылының оңтүстік беткейінде 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша бой көтеріп жатқан 20-ға жуық (5 мың 612 пәтерлі) көпқабатты тұрғын үйдің және алданған үлескерлері бар проблемалы тұрғын үй кешендерінің, барлығы 6 нысанның құрылыс барысымен танысты.

Әкімнің атап көрсеткеніндей, құрылыс саласында дағдарыс басталған уақытта елордада 37 мың үлескердің қатысуымен 266 тұрғын үй кешенінің құрылысы басталған болатын. Ал 2009 жылғы қаңтардың 1-іне дейін олардың саны 128-ге азайды. «Елбасының үстіміздегі жылдың соңына дейін 100-ге жуық тұрғын үйдің құрылысын аяқтау тапсырмасына сәйкес, 128 нысанның 95-ін жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Оның 28-і бүгінде пайдалануға берілді», - деді ол.

Сондай-ақ И.Тасмағамбетов Мемлекеттік бағдарлама бойынша жоспарланған үйлердің құрылысы белгіленген мерзімде аяқталатынын қадап айтты. Алдағы қазанның 15-іне дейін коммуникациялық мәселелерді толығымен аяқтау көзделсе, келесі 1-1,5 ай көлемінде ішкі жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Қала басшысы, нысандар 2010 жылдың І тоқсанында толығымен іске қосылады деп сендірді.

2009 жылдың соңына дейін Астанада іске қосу жоспарланған 95 үйдің құрылысы Үкіметпен мақұлданып, қаржыландырылған сызба шеңберінде төрт бағытта жүзеге асырылуда. Оның бірі - құрылыстары бос пәтерлерді сатып алу (әкімдікпен) арқылы аяқталып жатқан үйлер. Ондай 48 нысанның бүгінгі күні 36-сы қалды. 29 нысан келесі жылы, қалғаны үстіміздегі жылдың соңына дейін аяқталатын болады. Екінші бағыт - үлескерлердің қатысуындағы проблемалы нысандар. «Жаңа құрылыс» ЖШС-ның иелігіне өткізілген 19 үйдің 10-ы жыл соңына дейін іске қосылады деп күтілуде. Үшіншісі - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның несиелік ресурстарына салынып жатқан үйлер. Олардың саны - 30, оның 18-і - 2009 жылы, қалған 12-сі келесі жылы тапсырылады. Төртінші бағыт - мемлекеттің көмегін қажет етпейтін салушылар 14 үйдің құрылысын жүргізуде. Оның 11-і үстіміздегі жылы аяқталады.