Бұл туралы Астана қалалық жолаушылар көлігі басқармасы «ҚазАқпарат» тілшісінің ресми сауалына берген жауабында айтты.
«Оң жағалауда Сарыарқа - Республика, Бөгенбай батыр - Жағалау аумақтарында ақылы тұрақтар болады», - делінген хабарламада. Сол жағалауда тегін тұрақтар қарастырылмаған.
«Тұрақ орындарын басқару» жобасындағы аумақты тек жедел қызмет көліктері, «Халық Қаһарманы» және «Алтын қыран» ордендерінің иегерлері, мүгедектерге тіркелген көліктер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерінің иегерлері және «Батыр ана» атағына ие болған аналар, Семей ядролық полигонындағы сынақтар кезінде зардап шеккен азаматтар, Ауғанстанда немесе әскери қақтығыстар орын алған өзге де мемлекеттерде халықаралық борыштарын өткерген жауынгерлер тегін пайдалана алады.
«Тұрақ жанында тұратын тұрғындар үшін жеңілдіктер қарастыру жоспарлануда», - деп атап өтіледі «ҚазАқпарат» агенттігіне берілген хабарламада.
Ақылы тұрақ сағатына 150 теңге болады деп болжануда.