Қала басшысы Н.Тілендиев даңғылының оңтүстігінде, Қорғалжын тас жолы мен Бейсекова көшесінің қиылысында, Бейсекова мен Сығанақ көшелерінің, Байтұрсынов пен Жұмабаев көшелерінің, Иманов және Брусиловский көшелерінің қиылысында орналасқан көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің жағдайларын тексереді. Сонымен қатар, нысандарды аралауға Астана қаласы әкімінің орынбасары Сергей Хорошун, Алматы, Сарыарқа және Есіл аудандарының әкімдері, Құрылыс және Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының басшылары да қатысты.
"Бүгін қала әкімінің басшылығымен біз "Қолжетімді баспана-2020" бағдарламасы бойынша салынып жатқан біраз нысанды араладық. Бұл бағдарлама бірнеше бағыттан тұрады. Біз кезекте тұрғандарға, жас отбасыларға, тұрғынүйқұрылысбанкі салымшыларына арнап үйлер салудамыз", - деді өз сөзінде қала әкімінің орынбасары С. Хорошун.
Айта кетейік, Астанада «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде жалпы ауданы 84,06 мың шаршы метрді құрайтын 1 581 пәтерлік 7 тұрғын үй кешені пайдалануға берілді.
Жыл соңына дейін жалпы ауданы 95,4 мың шаршы метрді құрайтын 1 833 пәтерлік 6 тұрғын үй кешені тапсырылады. Ал 2015 жылы жалпы ауданы 108,4 мың шаршы метрді құрайтын 1 937 пәтерді 10 көппәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жалғасады.
Тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасын жүзеге асыру аясында жалпы ауданы 367,3 мың шаршы метрлік 4 969 пәтер пайдалануға берілді. Қазіргі кезде жалпы ауданы 265,94 мың шаршы метрлік 5 759 пәтердің құрылысы аяқталды.